Қазақстанда АӘО-дан оралған ресейлік сарбаз 5 жылға сотталды

57



Munarmedia.kz 10.10.2025 /Астана/ Қазақстан азаматтығынан шықпағанына қарамастан, Ресейдің арнайы әскери операциясына (СВО) қатысып келген Тимур Пралиев елге оралғаннан кейін бірден тұтқындалды. Алматыдағы аудандық сот оны «шетелдік әскери құрылымның құрамында жалдамалы ретінде соғыс қимылдарына қатысқаны» үшін айыпты деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл үкім 8 қазан күні шықты.

Пралиев — 2022 жылдың қарашасынан бастап 2024 жылдың қазанына дейін атышулы «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының құрамында әскери қызмет атқарған. БАҚ деректеріне сүйенсек, ол Артёмовскіні алу операциясына қатысып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және бірнеше ведомстволық марапаттармен наградталған. Алайда «Вагнер» ұйымы ресми түрде таратылғаннан кейін, ол әскерден кетіп, алдымен Мексикаға, одан кейін АҚШ-қа жол тартқан. Алайда АҚШ-та заңсыз иммигрант ретінде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.

Қызығы, Пралиев 2023 жылы ресейлік төлқұжат алғанымен, Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініш бермеген. Осылайша, ол ел заңнамасына сай – Қазақстан азаматы болып қала берген. Ал еліміздің Қылмыстық кодексінде шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Сот Пралиевті тек бас бостандығынан айырып қана қоймай, оны 20 ең төменгі жалақы мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттеді. Сонымен қатар, «Вагнер» қатарында тапқан барлығы $5,500, 500 малийлік франк, 5 ресейлік рубль және 5 украин гривна мемлекет пайдасына тәркіленбек. Ал алған медальдары мен марапат куәліктері жойылатын болды.

Батыс ақпарат құралдарының мәліметінше, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда СВО-ға қатысқан азаматтарға осындай 40-тан астам үкім шығарылған.