Munarmedia.kz.15.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысы екі жылдан ерте басталмайды. Бұл туралы Атомдық энергия жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Тимур Жантикин Jibek Joly TV арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жобаны іске асыру бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен — АЭС салуға ниетті төрт шетелдік вендордың (технология ұсынушы) ұсыныстары зерделеніп, коммерциялық ұсыныстары талданады. Бұл процесс шамамен бір жылға созылады.
Келесі кезең — қауіпсіздік жөніндегі есептерді, қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттарын және басқа да техникалық-нормативтік құжаттарды дайындау. Бұл да шамамен бір жыл уақыт алады.
Ал нақты құрылыс жұмыстары басталған соң, Жантикиннің айтуынша, оны аяқтау үшін кемінде бес жыл қажет. Демек, бүкіл цикл — мердігерді таңдау сәтінен бастап құрылыс аяқталғанға дейін — шамамен жеті жылға созылады.
Бұған дейін Агенттік жобаны толық жүзеге асыру мерзімін, оның ішінде жобалау, құрылыс және іске қосу кезеңдерін қоса есептегенде, 10–12 жыл деп бағалаған болатын.
Қазақстанда АЭС салу мәселесі елдің энергетикалық теңгерімі мен болашақта көміртегінен азат энергия көздеріне көшу стратегиясы аясында қарастырылып келеді.