Қазақстанда алғаш рет әскери қызметкерлер арасында ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару бойынша жарыс өтті

53

Munarmedia.kz 26.09.2025 /Астана/ Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бастамасымен Қазақстанда тұңғыш рет әскери операторлар арасында FPV-дрондар (бірінші тұлғадан басқарылатын ұшқышсыз аппараттар) жарысы ұйымдастырылды. Сайыс барысында қатысушылар дрондарды нақты ұрыс жағдайына барынша жақын ортада басқару шеберлігін көрсетті.

Ұшқышсыз авиациялық жүйелер қызметі өңірлік қолбасшылық құрамында бар болғаны бір жыл бұрын құрылғанымен, бүгінде бөлімшелерді даярлаудың маңызды буынына айналған. Подполковник Роман Қожахметовтың айтуынша, дрондар бүгінде байланысшылар, мотожаяу әскер, инженерлік-сапёрлік және механикаландырылған бөлімшелер тарапынан кеңінен қолданылып келеді. Олардың көмегімен барлау жүргізіледі, артиллериялық соққылар дәлдікпен реттеледі және жүк жеткізіледі.

Жарыстар «жауынгерлік экшен» форматында өтті: операторлар дрондарды жоғары жылдамдықпен төмен биіктікте ұшырды, тар өткелдерден өткізіп, күрделі маневрлер орындады. Сонымен қатар, нақты уақытта бейнематериалды командалық пунктке жіберіп отырды. Жарыстың шарықтау шегі — оқу-жаттығу гранаталарын тастау кезеңі болды: операторлар бронетехника люгімен шамалас нысанаға, он метрден астам биіктіктен дәл түсіруі керек болды.

Бұл бастама Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері арасында алғаш рет қолға алынды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы дрон операторларының сайысын ұйымдастыруда көшбасшы атанды. Қорғаныс саласында мұндай «дрондар шайқасын» тұрақты түрде өткізу туралы ұсыныс қарастырылуда.

Аталған жарыс Қазақстан армиясының қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімделіп, жаңа технологияларды жүйелі түрде енгізуге бет бұрғанын айқын көрсетті. Бұл — Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды әрі өзекті қадам.