Қазақстанда автокөлікті міндетті сақтандыру жүйесінде мүдделер қақтығысы болуы мүмкін екені айтылды.

76


Munarmedia.kz 10.03.2026 /Astana/- Қазақстанда билік автокөлік иелерін айыппұл қаупімен міндетті сақтандыру полисін (көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру) сатып алуға міндеттейді. Алайда жол-көлік оқиғасы болған жағдайда келтірілген шығын көлемін көбіне сақтандыру компаниясының өзі немесе сол компания жалдаған бағалаушы анықтайды. Мұндай жүйеде мүдделер қақтығысы бар, өйткені өтемақы төлеуге тиіс тарап оның мөлшерін өзі белгілейді. Демек, сақтандыру компаниялары төлем сомасын төмендетуге мүдделі болуы мүмкін.

Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтилесов көтерді. Ол Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың атына депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысының пікірінше, Қазақстандағы міндетті автоcақтандыру жүйесін реформалап, келтірілген шығынды тәуелсіз бағалау тетігін енгізу қажет.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг қазақстандық автокөлік иелерінің сақтандыру жүйесіндегі бұл мәселеге бұрыннан шағымданып келе жатқанын көрсетті. Жол апатынан зардап шеккен жүргізушілердің айтуынша, сақтандыру компанияларының бағалаушылары автодилерлер жүргізген тәуелсіз бағалау нәтижелерін тіркеуден жалтарады, шығын сомасын төмен көрсетеді, ал сақтандырушы шешіміне қарсылық білдіру рәсімі бюрократия мен ұзаққа созылатын процестерге ұласады.

Кейбір автокөлік иелері билік сақтандыру компанияларының мүддесін әдейі қолдап отыр деп күдіктенеді. «Бұл қасқырға қой бақтырумен тең», – деп жазады қазақстандықтар әлеуметтік желідегі профильдік парақшаларда.

Байтилесовтың айтуынша, автоcақтандыру тәжірибесін жетілдіру бұл институтқа деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде сақтандыру және қор нарықтарын дамыту туралы тапсырмасымен үндеседі.

Алайда кейбір сарапшылар Мәжіліс депутаттары автоcақтандыру жүйесін реформалау туралы заңнамалық бастама көтермей, жауапкершілікті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бөліскісі келгенін айтады. Журналист Виталий Красновтың пікірінше, бұған бірнеше себеп болуы мүмкін. Соның бірі – ықпалды сақтандыру лоббисімен ашық текетіреске барудан депутаттардың сақтануы.

https://t.me/Munarmedia