Munarmedia.kz 26.11.2025 / Астана Маусымның басынан бері елімізде шамамен 2 миллионға жуық ЖРВИ жағдайы тіркеліп, оның ішінде 1,2 мыңнан астам науқас H3N2 вирусына шалдыққан, деп хабарлады «31 арна».
Дәрігерлердің айтуынша, ауру жылдам басталып, жоғары температура, бұлшықет ауруы, әлсіздік және тамақ ауруымен көрінеді. Қазіргі болжам бойынша, жұқпалы кезең қараша соңынан желтоқсан соңына дейін активті болады. Қаңтарда сырқаттанушылық біршама төмендейді, алайда кейін B типті грипптің екінші толқыны күтіледі.
Ғалымдар H3N2 вирусының бірнеше мутациядан кейін бұрынғыдан да жұқпалы болып кеткенін атап өтеді. Одан туындайтын асқынулар ауыр сипатта болуы мүмкін: тыныс алу бұзылыстарынан бастап, ми қабынуына дейін жетуі ықтимал.
Медициналық мамандар тұрғындарға алдын алу шараларын сақтау, жеке гигиенаға көңіл бөлу және қажетті жағдайда вакцинация жасау маңызды екенін ескертуде.