Munarmedia.kz 07.01.2025 /Астана/ Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) нысандарына жасалған шабуылдарды қолдауға бағытталған жария пікірлерге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Тергеп-тексеруге Новороссийск қаласындағы КҚК терминалына теңіз дрондары арқылы жасалған шабуылдар төңірегіндегі жағдай себеп болған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдаған.
Депутаттың айтуынша, қалыптасқан жағдай тек сыртқы қатерлерді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік органдардың жедел әрекет етуін талап ететін ішкі мәселелерді де айқын көрсеткен.
«Әлеуметтік желілерде азаматтардың мемлекет үшін аса маңызды инфрақұрылымға жасалған шабуылдарды ашық түрде қолдап, мақұлдайтын жарияланымдары пайда болуда. Мұндай әрекеттер сөз бостандығына берілетін конституциялық құқық шеңберінен шығып, ұлттық мүдделерге тікелей нұқсан келтіреді», – деп атап өтті Айдос Сарым өз сауалында.
Сондай-ақ мәжілісмен Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарына соққы жасауға жария түрде үндейтін азаматтардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұрады.
«Аталған әрекеттерді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) және 175-бабы (мемлекетке опасыздық жасау) бойынша саралау мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ мұнай құбырлары мен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды өзге де инфрақұрылымды қиратуға шақыратын жария ақпаратты таратудың жол берілмейтіні жөнінде халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды сұраймын», – делінген депутаттық сауалда.
Кінәлілер жауапқа тартылады
Мәжілістің ресми сайтында ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың қолы қойылған жауап хаты жарияланды.
«2025 жылғы 18 желтоқсандағы депутаттық сауалыңызға жауап ретінде хабарлаймыз: 2025 жылғы 17 желтоқсанда Астана қаласының Полиция департаменті азаматтардың Каспий құбыр консорциумының зақымдалуына қатысты теріс пікір білдіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі (ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу барысында аталған тұлғаларды анықтау және олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтарды жинау шаралары қабылдануда. Тергеу нәтижесі бойынша әрекеттерге түпкілікті құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданатын болады», – делінген ресми жауапта.
Сонымен қатар Бас прокуратура бұған дейін жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контенті бар жарияланымдарды таратуға жол берілмейтіні, сондай-ақ мұндай әрекеттер үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгені жөнінде ескерту сипатындағы баспасөз хабарламасын таратқанын атап өтті.
«Осындай түсіндіру жұмыстарын өңірлердегі прокурорлар да тұрақты негізде жүргізіп келеді. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруда», – деп көрсетілген хатта.