Қазақстанда медициналық колледждер тексеріле бастады – бірден заңбұзушылықтар анықталды

39

Munarmedia.kz.11.07.2025 ж. /Астана/-Елімізде медициналық колледждердің қызметі тексеріле бастады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, биыл 94 медициналық колледждің 13-і кешенді тексеруден өтеді. Аталған жұмыс Еңбекші мамандықтар жылы аясында қолға алынып отыр. Оның басты мақсаты – медициналық кадрлар даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеру.

Министрлік мәліметінше, тексеру барысында оқытушылардың біліктілік талаптарына сәйкестігі, материалдық-техникалық базаның қамтамасыз етілуі, оқу бағдарламаларының орындалуы мен олар бойынша қолданыстағы аккредитациялардың болуы, сондай-ақ санитарлық нормалар мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы назарға алынады.

Бақылау жұмыстары Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарындағы колледждерді қамтиды. Қазіргі таңда бес колледж тексерістен өтті. Нәтижесінде үш оқу орнының лицензиясы уақытша тоқтатылып, екеуіне айыппұл салынды.

«Тексеру қорытындысы бойынша өңірлік мәліметтер мен білім беру қызметінің сапасын арттыруға арналған ұсыныстар енгізілген талдамалық есеп дайындалады», – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін елдегі медициналық колледждерге түсу үшін талапкерлерге емтихан тапсыру тәртібі енгізілген болатын.