Munarmedia.kz.04.10.2026.ASTANA-1 қазаннан бастап Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық онлайн несие рәсімдемес бұрын жеке тұлғаларға міндетті түрде арнайы сауалнама жүргізе бастады.
Жаңа талаптың негізгі мақсаты – азаматтың несие алуына алаяқтардың ықпалы бар-жоғын анықтау және қаржы қылмыстарының алдын алу.
Сауалнама жеті сұрақтан тұрады. Клиенттен несие алуға шешімді өзі қабылдаған-қабылдамағаны, қарыз рәсімдеуді кім ұсынғаны және алынған қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатыны сұралады.
Сонымен қатар банк немесе микроқаржы ұйымы азаматқа біреудің қысым көрсетіп отырғанын, несие алғанын жасыруды сұрағанын анықтайды. Сондай-ақ клиентке «ақшаңызды қорғап береміз» немесе «шотыңыздағы операцияларды тексереміз» деген мазмұнда қоңыраулардың түскен-түспегені де сұралады.
Егер жауаптар несие рәсімдеу кезінде алаяқтардың ықпалы болуы мүмкін екенін көрсетсе, қаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізеді және клиентке ықтимал тәуекелдер туралы ескертеді.
Осыдан кейін банк немесе микроқаржы ұйымы несие шартын жасасуды жалғастыра алады, оны уақытша тоқтатуы немесе қарыз беруден бас тартуы мүмкін.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, жаңа сауалнама қарыз алушыларды қорғауға бағытталған бұрыннан қолданылып келе жатқан шараларды толықтырады.
Олардың қатарында биометриялық сәйкестендіру, ірі көлемдегі онлайн қарыздар үшін енгізілген «салқындату кезеңі» және азаматтың несие мен микрокредит алудан өз еркімен бас тарту мүмкіндігі бар.
Мамандардың пікірінше, жаңа тәртіптің басты мақсаты – азамат несие рәсімдеп үлгермей тұрып, оның алаяқтардың ықпалына түскенін анықтау. Бұл әсіресе телефон арқылы жасалатын қаржылық алаяқтық көбейген жағдайда маңызды қауіпсіздік шараларының біріне айналмақ.
#Қазақстан #Несие #ОнлайнНесие #Алаяқтық #Банк #Микрокредит #Қаржы #Қауіпсіздік #ҚаржылықСауаттылық #Munarmedia