Munarmedia.kz. 15.10.2025 /Астана/-Қазақстанда жаңа қылмыстық баптар күшіне енгеннен кейін небәрі бір ай өткенде қалыңдықты мәжбүрлеп үйлендіру (алып қашу) фактілері бойынша алғашқы қылмыстық істер тіркелді. Бұл туралы Hola News хабарлайды.
Шымкент пен Қызылорда облысында қозғалған істердің екеуінде де жәбірленушілер – кәмелетке толмағандар. Прокуратура бұл істердің тергелу барысын өз бақылауына алған.
Биыл қыркүйектен бастап елде жаңартылған Қылмыстық кодекс қолданысқа енгізілді. Енді біреуді зорлықпен неке қиюға мәжбүрлеген адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер әрекеттің салдары ауыр болса — он жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.
Бұған дейін қоғамда қыз алып қашу дәстүрі кей өңірлерде «салт» ретінде түсіндіріліп келген еді. Алайда жаңа заң нормалары мұндай әрекетті — адамның құқығы мен еркіндігіне қол сұғатын ауыр қылмыс ретінде бағалайды.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл өзгеріс — әйелдердің қауіпсіздігі мен абыройын қорғау жолындағы маңызды қадам.