Қазақстанда қазан-қараша айларында ауа температурасы нормадан 1-2 градус жоғары болады

59

Munarmedia.kz.29.09.2026.ASTANA.Қазақстанның басым бөлігінде қазан және қараша айларында ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлибек Қуантыров мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазан айында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады. Ал батыс және солтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашын нормадан көбірек түсуі мүмкін.

Керісінше, оңтүстіктің жазық аймақтарында, оңтүстік-шығыста, Орталық Қазақстанның оңтүстігінде және Абай облысында жауын-шашын мөлшері нормадан төмен болады деп күтілуде.

Қараша айында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жақын болады. Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болуы ықтимал.

Ауа райын болжауда жасанды интеллект қолданылады

Министрдің мәліметінше, биылдан бастап ауа райы болжамдарының дәлдігін арттыру үшін «Қазгидромет» РМК жасанды интеллект элементтері бар WRF цифрлық моделін қолдана бастаған.

Бұл – ауа райын 48 сағатқа дейін және 10 тәулікке дейін болжауға мүмкіндік беретін сандық модель. Оның кеңістіктік ажыратымдылығы 2 және 6 шақырымды құрайды.

Жаңа технологияларды пайдалану ауа райы болжамдарын нақтылауға, соның ішінде агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл жүйе дауылды ескертулерді уақытылы жариялап, мемлекеттік органдарды, ұйымдар мен тұрғындарды ауа райының өзгеруі туралы жедел ақпараттандыруға бағытталған.

Дереккөз: YK-news.kz

#Munarmedia #Қазақстан #АуаРайы #Қазгидромет #Қазан #Қараша #Болжам #ЖасандыИнтеллект #АуаТемпературасы