Munarmedia.kz 03.02.2026 /Астана/ Қазақстанда жазасын өтеп жатқан сотталғандар дрон құрастыру ісіне тартылмақ. Бұл туралы Ішкі істер министрлігіне қарасты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ермек Шурманов мәлімдеді. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, түзету мекемелерінде осы мақсатқа арналған арнайы цехтар жабдықталған.
Жаңалық бір жағынан қызық көрінгенімен, қоғамда бірқатар сұрақ туындатпай қоймады. Себебі жоба жай ғана құрастырумен шектелмейді.
«Жаңа жобаның ерекшелігі — дрондарды өндірудің толық циклі қарастырылған. Корпус, электрондық бөлшектер және бағдарламалық қамтамасыз ету тікелей Аршалы кентіндегі түзеу мекемесінің аумағында жасалатын болады», — делінген ресми ақпаратта.
Осы тұста еріксіз ойға қаласың: бұл қалай мүмкін? Түрме ішінде толыққанды өндіріс ұйымдастыру оңай шаруа емес. Сонда ондағы сотталғандардың барлығы білікті ІТ-мамандар, инженерлер немесе жоғары деңгейлі техникалық қызметкерлер ме?
Ең қызығы — бостандықта, тіпті кейбір өндірісі тұралап тұрған шағын қалаларда мұндай жобаларды іске асырып, халықты жұмыспен қамту қиынға соғып отырғанда, түзеу мекемесінде жоғары технологиялық өндірісті жолға қою мүмкін болып отыр.
Әрине, жобаның ресми мақсаты — сотталғандарды еңбекке баулу, қайта әлеуметтендіру және пайдалы дағдыларға үйрету. Алайда бұл бастама қоғамда еңбек ресурстарын пайдалану, кадр дайындау және экономикалық басымдықтар туралы өткір сұрақтарды да қатар алып келді.
Бір анығы — бұл жоба тек өндірістік емес, әлеуметтік әрі саяси пікірталасқа да жол ашып отыр.