Munarmedia.kz 26.09.2025 /Астана/ 2025 жылғы 22–24 қыркүйек аралығында Қазақстанда судья болуға ниетті үміткерлер біліктілік емтиханынан өтті. Тек кәсіби дайындығы жоғары және мүлтіксіз беделге ие азаматтар ғана келесі кезеңдерге жолдама ала алды.
Алайда компьютерлік тестілеу нәтижелері алаңдатарлық болды: үміткерлердің 94%-ы алғашқы кезеңнен өте алмады. 87 адамның ішінен бар болғаны 5 үміткер тесті сәтті тапсырған. Бұл — соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
«Іріктеуден өткен үміткерлер келесі кезеңдерге жіберілді — олар эссе жазып, практикалық кейстерді шешіп, психологиялық тестілеуден өтеді», — деп хабарлады Жоғары сот кеңесі.
2025 жылы сот корпусын жаңарту мақсатында емтихан тапсырмаларының саны артты, ал талаптар күшейтілді. Бұл өзгерістер үміткерлердің заң саласындағы терең білімін, логикалық ойлау қабілетін және моральдық тұрақтылығын нақты бағалауға бағытталған.
Сот корпусына қойылатын талаптар тек кәсіби деңгеймен шектелмейді — болашақ судья жауапкершілік пен әділеттілікке дайын екенін дәлелдеуі тиіс.
Жаңа талаптар сот жүйесінің сапасын арттыруға және қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған құрылымдық өзгерістер аясында енгізіліп отыр. Алайда сарапшылар мұндай күрт төмен нәтижелер кадр тапшылығы мәселесін де күн тәртібіне шығаратынын алға тартуда.