Қазақстанда Toyota Alphard көліктеріне тыйым салу мәселесі талқыланып жатыр

140

Munarmedia.kz | 11.10.2025 | Астана Соңғы аптада елімізде Toyota Alphard маркалы минивэндердің қатысуымен орын алған жол апаттарынан 10 адам көз жұмды. Қайғылы жағдайлардың жиілеп кетуі қоғамды алаңдатып отыр. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл көліктерге толық тыйым салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Alphard-тар көбіне заңсыз жолаушы тасымалында қолданылады — оларда техникалық бақылау жоқ, жауапкершілік жоқ, ресми рұқсат та жоқ.

Айта кетейік, 1 қаңтардан бастап елімізде оң рульді көліктердің такси ретінде қызмет көрсетуіне тыйым салынған. Алайда бұл шектеу жеке тасымалдаушыларға әсер еткен жоқ — олар әлі де қалалар арасында адам тасып жүр.

Сарапшылардың сөзінше, ең көп өліммен аяқталатын жол апаттары — оң рульді көліктердің қарсы жолаққа шығып, соқтығысуынан болады. Себебі жүргізушінің жолдың қарсы бағытын толық көруге мүмкіндігі жоқ. Әсіресе алдыңғы қатарда жүк көлігі жүргенде, обгон жасау — нағыз лотерея. Бұл жағдайда жүргізуші тек өз өмірін ғана емес, жолда кетіп бара жатқан басқа адамдардың да өмірін қатерге тігеді.

Иә, жапон көліктері сенімді, арзан, сапасы да жақсы. Бірақ оң жақ руль — Қазақстан секілді сол жақпен жүретін ел үшін аса қауіпті.

Бірқатар жүргізушілер «руль қайда болса да, бастысы — тәжірибе» деген пікірде. Бірақ бұл жол апаттары көрсетіп отыр: рульдің қайда орналасқаны өмір мен өлім мәселесіне айналуы мүмкін.