Munarmedia.kz 18.11.2025 / Астана /-2025 жылғы 24 қарашадан бастап Қазақстанда азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсіміне енгізілген жаңа ережелер күшіне енеді. Бұл туралы Zakon.kz «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Енді тіркеу қызметі тек онлайн форматта көрсетіледі — eGov.kz электронды үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы.
Онлайн-тіркеуден өту үшін пайдаланушыға ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) және жеке кабинетімен байланысты БМГ нөмірі қажет.
Процедура толық автоматтандырылған, бұл қызметті алуға кететін уақытты едәуір қысқартады. Сонымен қатар, тіркеуді ХҚКО-лардың өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында да онлайн түрде рәсімдеуге болады.
Қызмет келесі санаттағы азаматтарға қолжетімді:
-
Қазақстан азаматтары, оның ішінде тұрғын үй иелері;
-
сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе шектеулі қабілетті деп танылған 18 жастан асқан адамдардың қорғаншылары немесе заңды өкілдері;
-
14–16 жас аралығындағы балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері.
14 жасқа дейінгі балаларды жеке тіркеуге қоюға болмайды.
Азаматтық кодекстің 16-бабына сәйкес, 14 жасқа толмаған баланың тұрғылықты жері — оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің мекенжайы болып саналады.
Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйге қатысты өзгерістер
Мұндай үйде тұрып жатқан жалға алушы енді шартта көрсетілген тұлғаларды ғана тіркей алады. Егер өтініш беруші келісімшарттағы тізімде болмаса, жүйе өтінімді автоматты түрде кері қайтарады.
Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бойынша тіркеу мәселелері туындаған жағдайда, азаматтарға тұрғын үй қатынастары бөліміне (ТКШ) жүгіну ұсынылады.
Маңызды
Егер өтініш беруші өзінде меншік құқығы жоқ мекенжайға тіркелгісі келсе, онда жүйе сол мекенжайдың иесіне 1414 нөмірінен SMS-код жібереді. Тұрғын үйдің иесі тіркеуге келісімін 1 сағат ішінде растауы тиіс.
eGov.kz порталында онлайн тіркеуден өту тәртібі:
-
Порталда авторизациядан өтіп, келесі бөлімге кіріңіз:
«Азаматтарға → Азаматтық, көші-қон және иммиграция → Тұрғылықты жері бойынша тіркеу». -
«Қызметті онлайн сұрау» батырмасын басыңыз.
-
Электронды өтінімді толтырып, ЭЦҚ немесе SMS-пароль арқылы қол қойыңыз.
-
Нәтижені жеке кабинеттен көруге болады («Қызметтерді алу тарихы» бөлімі).
eGov Mobile қосымшасы арқылы тіркелу:
-
eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіңіз.
-
«Жылжымайтын мүлік және ТКШ» ішінен «Қазақстан Республикасы халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» қызметін таңдаңыз.
-
Қажетті мәліметтерді енгізіп, тіркелу себебін көрсетіңіз.
-
Қол қоюдың кез келген әдісін пайдаланып өтінімді растаңыз.
-
Өтінімнің мәртебесін «Хабарламалар → Жеке кабинет тарихы» бөлімінен тексеруге болады.
Офлайн тіркеу тек ерекше жағдайларда жүргізіледі
Егер мекенжайдың меншік иелері немесе үлескерлері — кәмелетке толмаған балалар немесе сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар болса, тіркеу тек ХҚКО бөлімдерінде офлайн жасалады.
Фото: ашық дереккөзден.