Munarmedia.kz.20.09.2026.ASTANA. Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың 30–40 пайызы мемлекеттік қолдауға мұқтаждар санатына сәйкес келмеуі мүмкін. Осыған байланысты «Отбасы банк» тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың деректерін тексеріп, тізімдерді өзектендіру жұмыстарын күшейтпек.
Бұл туралы банктің басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Бұл жөнінде Noks.kz хабарлады.
2026 жылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға баспана бөлу функциясы әкімдіктерден «Отбасы банкке» берілген. Жергілікті атқарушы органдар банкке тұрғын үй кезегінде тұрған 642 мың адамның мәліметін тапсырған.
Банк жүргізген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде соңғы бір жылда кезектен 64 894 адам шығарылған. Олардың қатарында бұған дейін мемлекеттік қолдау шараларын алған азаматтар да бар.
Сонымен қатар 29 мыңнан астам адам тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне байланысты кезектен алынған. Оларға 10 мыңнан астам несие және 19 мыңнан астам жалдамалы пәтер берілген.
Банк өкілдерінің бағалауынша, кезекте әлі тұрған азаматтардың 30–40 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі ықтимал. Сондықтан тізімдерді қайта тексеру және деректерді жаңарту жұмыстары жалғасады.
Деректерді азаматтардың келісімінсіз тексеруге мүмкіндік берілді
«Отбасы банк» өткен жылдың қазан айынан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды өз деректерін жаңартуға шақырып келеді. Алайда осы уақытқа дейін кезекте тұрғандардың жартысынан астамы мәліметтерін өзектендірмеген.
Бұған дейін азаматтардың жеке деректерін тексеру үшін олардың келісімі талап етілетін. Енді Ұлттық даму институты мәртебесіне ие «Отбасы банк» кезекте тұрғандардың мәліметтерін олардың келісімінсіз түгендеуге мүмкіндік алды.
Банк осы құқықты пайдалана отырып, тұрғын үйге мұқтаждар тізімін қайта қарап, мемлекеттік қолдау алу талаптарына сәйкес келмейтін азаматтарды анықтауды жоспарлап отыр.
Бұл ретте кезектен шығарылуы мүмкін азаматтардың нақты саны тексеру қорытындысы бойынша белгілі болады.
#Munarmedia #Қазақстан #ОтбасыБанк #ТұрғынҮй #БаспанаКезегі #ӘлеуметтікҚолдау #ТұрғынҮйСаясаты #ҚазақстанЖаңалықтары
:::