Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумда дауыс беру аяқталды

12

Munarmedia.kz 16.03.2026 /Astana/ –. Ел аумағындағы сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де жабылып, одан кейін дауыстарды санау рәсімі басталды.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ұсынған алдын ала мәліметке сәйкес, референдумға сайлаушылардың 73,24 пайызы қатысты. Яғни, дауыс беру құқығы бар 12 461 796 азаматтың 9 126 850-і өз таңдауын жасаған.

Өңірлер бойынша ең жоғары белсенділік Қызылорда облысы тұрғындары арасында тіркелді – 93,04 пайыз. Сонымен қатар бірқатар өңірде де жоғары көрсеткіш байқалды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысы – 87,05 пайыз, Шығыс Қазақстан облысы – 86,42 пайыз, Жамбыл облысы – 85,06 пайыз және Қарағанды облысы – 84,30 пайыз деңгейінде болды.

Республикалық маңызы бар қалалардағы қатысу көрсеткіші әртүрлі болды. Мәселен, Шымкент қаласында сайлаушылардың 75,82 пайызы дауыс берсе, Астана қаласында – 60,36 пайыз, ал Алматы қаласында 33,43 пайыз қатысқан.

Сонымен бірге шетелдегі сайлау учаскелерінде дауыс беру жалғасып жатыр. Жалпы алғанда, Қазақстан азаматтары үшін 54 мемлекетте орналасқан 71 учаске ұйымдастырылған. Уақыт айырмашылығына байланысты олардың бір бөлігінде дауыс беру рәсімі кейінірек аяқталады.

Референдумның қорытынды нәтижелері барлық дауыстар толық саналып, хаттамалар жинақталғаннан кейін жарияланады.