Munarmedia.kz.04.09.2026.ASTANA Тамыз айында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қызметкерлері жанар-жағармай материалдарын мемлекеттік шекара арқылы заңсыз өткізуге қатысты 1061 фактінің жолын кесті. Бір ай ішінде заң бұзушылар ел аумағынан 159 тоннадан астам отын шығаруға әрекет жасаған.
Ведомство мәліметінше, тамыз айында шекарашылар тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізуге қатысты жалпы 2089 жағдайды анықтаған. Сонымен қатар жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын валютаның заңсыз айналымына қатысты 179 факт тіркелді.
Бұған дейін, шілде айында Шекара қызметі Қазақстан шекарасы арқылы жанар-жағармайды заңсыз өткізуге қатысты 1808 фактінің жолын кескенін хабарлаған. Ол кезде заңсыз тасымалданған отын көлемі 150 тоннадан асқан. Маусымда 45 тоннадан астам жанар-жағармайды заңсыз өткізуге қатысты 708 жағдай анықталса, мамырда жалпы көлемі 85 тоннадан асатын отынды заңсыз тасымалдаудың 406 фактісі тіркелген.
Қазақстаннан жанар-жағармайды көліктің кез келген түрімен шетелге шығаруға бірнеше жылдан бері тыйым салынған. Тек көліктің зауытта белгіленген штаттық багына құйылған отынды алып шығуға рұқсат етіледі.
Билік бұл шектеуді жанар-жағармай контрабандасымен күрес қажеттілігімен түсіндірген. Бұған дейін Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы мемлекеттік реттеуде болып, көршілес елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен еді. Қазір жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеу іс жүзінде тоқтатылғанымен, елдегі бөлшек сауда бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлі де төмен.
Жақында Қазақстан жанар-жағармайдың заңсыз әкетілуіне тосқауыл қою мақсатында көршілес елдерден келетін жеңіл және жүк көліктеріне бірқатар шектеу енгізді.
Кейін Қазақстан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов көліктердің багындағы отынды шетелге заңсыз алып шығуды бақылау мәселесінің әзірге толық шешілмегенін мойындады.
Министрдің айтуынша, болашақта жанар-жағармайды таңбалау жүйесін енгізу мүмкін. Алайда бұл әзірге ұсыныс деңгейіндегі жоба болып отыр.
#Қазақстан #Шекара #ҰҚК #ШекараҚызметі #ЖанарЖағармай #Бензин #Дизель #Контрабанда #ЗаңсызАйналым #Экономика