Munarmedia.kz 19.09.2025 жыл /Астана/-Астаналық блогер әрі «Актив Ломбард» желісінің иесі Сергей Койнов заңсыз микрокредиттеу схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы «Hola News» Агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Қаржы мониторингі агенттігінің (АФМ) мәліметінше, Койнов сенімді тұлғалар атына «Актив Маркет» брендімен компаниялар тіркеген. Құжат жүзінде олар комиссиялық дүкен ретінде көрсетілсе де, іс жүзінде лицензиясыз микрокредиттер берумен айналысқан. Займдар мүлікті кепілге қою арқылы рәсімделіп, пайыздық мөлшерлемелері заңда белгіленген шектен төрт есе жоғары болған.
Осы схема салдарынан жүздеген мың азамат – зейнеткерлер мен әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылар қарыз құрсауында қалған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген зиян көлемі 3,5 млрд теңгеден асады.
АФМ дерегінше, табысты заңдастыру үшін Койнов шамамен 2 млрд теңгеге жалған келісімшарттар жасап, қаржыны жеке шоттарына аударған. Тергеу аясында 200-ден астам тінту жүргізіліп, қылмыстық іс жалғасуда. Агенттік лицензияланған «Актив Ломбард» филиалдары қалыпты жұмыс істеп жатқанын, қарыз алушылардың мүлкі тәркіленбегенін атап өтті.
Сергей Койнов — Астанадан шыққан кәсіпкер, әлеуметтік желілерде өзін табысты инвестор ретінде таныстырады. Оның аудиториясы 700 мыңға жуық жазылушыдан тұрады.