Munarmedia.kz 12.03.2026 /Astana/ – Қазақстанда зейнетақы жинақтарын медициналық қызметтерге пайдалану мүмкіндігін 2026 жылдың үшінші-төртінші тоқсанында қайта іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа жүйе толықтай онлайн форматта жұмыс істейді. Бұл ретте клиникалар мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелері біріктіріліп, қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу және процестің ашықтығын қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Еске сала кетейік, зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану үшін өтінім қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап уақытша тоқтатылған болатын. Бұған кейбір салымшылардың қаражатты белгіленген мақсаттан тыс пайдаланғаны себеп болған.
Қазіргі уақытта жүйені жетілдіру және автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде қазақстандықтар болашақта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге қайта пайдалана алады.