Munarmedia.kz 09.01.2026 /Астана/ Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 200 млрд теңгеден астам қаржы 42 стоматологиялық клиниканың есепшоттары арқылы өткізілген. Тергеу дерегінше, транзакциялардың 20%-ына дейінгі комиссия есебінен қаскөйлер элиталық жылжымайтын мүлік сатып алып, схеманы кеңейту үшін жаңа медициналық қызмет көрсету нысандарын ашқан.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) араласуынан кейін 11 адам ұсталды, олардың үшеуі үйқамаққа жіберілген. Олар зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару үшін жалған құжаттар рәсімдеді деген күдікке ілінген.
Тергеу мәліметінше, медициналық мекемелердің дәрігерлері жалған дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың қорытындыларын берген. Бұл үшін медицина қызметкерлері жалпы көлемі 30 млн теңге алған.
ҚМА зейнетақы жинақтарын осындай тәсілмен алған қазақстандықтардың қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын арнайы атап өтті. Қазіргі таңда тергеу стоматологиялық клиникалардың басшылығы мен олардың сыбайластарына қатысты жүргізіліп жатыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа зейнетақы қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыруға байланысты күмәнді транзакциялар туралы 2025 жылдың қыркүйек айында баяндалған. Ал «Отбасы банк» стоматологиялық қызметтерге төлем жасау үшін өтінімдерді рәсімдеу кезінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлады. Мұндай фактілердің басым бөлігі Атырау қаласында, сондай-ақ Алматы мен Астанада тіркелген.
2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге пайдалану үшін өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды.