Қазақстанда жыл басынан бері діни-экстремистік идеологияны пайдаланған 22 қылмыстық топтың жолы кесілді

5

Munarmedia.kz.18.09.2026.ASTANA   Қазақстанда жыл басынан бері діни-экстремистік идеологияны қылмыстық әрекеттерін жасыру үшін пайдаланған 22 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

ІІМ мәліметінше, аталған қылмыстық топтарға қатысы бар 64 адам ұсталған. Тергеу барысында олардың бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі саудасы сияқты қылмыстарға қатысы бары анықталған. Кейбірінің қылмыс жасау үшін атыс қаруын заңсыз сақтағаны белгілі болды. (Казинформ)

Қылмыстық топтардың әрекеті Алматы қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында анықталған.

Полиция жыл басынан бері діни-экстремистік идеяларды ұстанушыларға қатысты 155 пайдакүнемдік және күш қолдану сипатындағы қылмысты ашқан.

Арнайы операциялар барысында заңсыз айналымнан:

  • 114 дана атыс қаруы;

  • 3 дана суық қару;

  • 7 граната;

  • 1,6 мыңнан астам оқ-дәрі;

  • 32 келіден астам есірткі заты

тәркіленген. (Казинформ)

Алматыда тұрғыннан 7,5 млн теңге ұрланған

Мысалы, Алматыда радикалды діни көзқарасты ұстанған төрт адамның қала тұрғынынан 7,5 млн теңге жымқырғаны анықталған. Сот олардың әрқайсысын 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанушы әйелдің төрт алаяқтық дерекке қатысы бары анықталған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2 млн теңгеден асқан. Сот әйелді үш жылға бас бостандығынан айырды.

Ал Павлодарда жергілікті тұрғынның алаяқтықтың 17 дерегін жасағаны анықталған. Оның әрекетінен келтірілген шығын 8 млн теңгеден асқан. Сот оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. (Казинформ)

Әлеуметтік желідегі радикалды үгітке де бақылау күшейтілді

Құқық қорғау органдары интернеттегі радикалды идеологияның таралуына байланысты қылмыстарды да анықтап, жолын кесіп жатыр.

Ақтөбеде әлеуметтік желілерде діни алауыздық қоздырған тұрғын сотталып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.

Тағы бір жағдайда Ақтөбеде күш қолдану әрекеттерін жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталған. Сот оны терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға соттады.

Ал Түркістан облысында интернет арқылы халықаралық террористік ұйымның идеологиясын таратқан адам анықталып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. (Казинформ)

ІІМ өкілдері діни сенімнің қылмыс жасауға, зорлық-зомбылыққа немесе діни араздықты қоздыруға ақтау бола алмайтынын атап өтті.

Полицияның мәліметінше, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет кеңістігіндегі радикалды идеологияның таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

#Munarmedia #Қазақстан #Астана #ІІМ #Қылмыс #Экстремизм #Терроризм #ҚұқықҚорғау #Қауіпсіздік #ДіниЭкстремизм #Жаңалық

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметі, Kazinform. (Казинформ)