Munarmedia.kz 24.01.2026 /Астана/ Шығыс Қазақстан облысындағы «Глинковское» кен орнында бір компания арнайы лицензиясыз темір құрамды тау жынысын заңсыз өндіріп, сатумен айналысқан. Компанияның тек геологиялық барлау жүргізуге ғана рұқсаты болғанына қарамастан, өндірілген руда ішкі нарықта өткізілген әрі Қытай Халық Республикасына экспортталған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жүргізген тергеу қорытындысында мәлім болды.
ҚМА дерегінше, заңсыз өндіру барысында ауыр арнайы техника пайдаланылған. Соның салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріліп, жер бедерінің табиғи құрылымы бұзылған, сондай-ақ жер ресурстарының деградациясы тіркелген.
Тергеу барысында заңсыз өндірілген өнім көлемі 70 мың тоннадан асқаны анықталды. Ал қылмыстық жолмен алынған табыс 1 миллиард теңгеден жоғары болған.
Агенттік мәліметінше, компания басшысы аталған қылмыстық табысты Астанадағы бизнес-орталықты, Алматы қаласынан пәтерді, «Range Rover» маркалы автокөлікті, екі автотұрақ орнын және екі жер телімін сатып алуға жұмсаған. Сот шешімімен аталған мүліктердің барлығына тыйым салынды.
Қазіргі таңда іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр, ал қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу мәселесі заң аясында қаралуда.