АСТАНА. 4 шілде. Munarmedia.kz – Қазақстандық кәсіпкер Алмас Мыңбаев Африкадағы Гвинея үкіметіне қарсы боксит өндіру лицензиясына байланысты халықаралық арбитраждық іс қозғады. Бұл туралы «Нефть и Газ Казахстана» Telegram арнасы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылғы қарашада Алмас Мыңбаев пен Сингапурда тіркелген Nomad Bauxite Corporation Pte Ltd компаниясы Гвинея Республикасына қарсы Дүниежүзілік банк жанындағы Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталыққа (ICSID) талап-арыз берген.
2026 жылғы мамырда арбитраждық трибуналдың құрамы бекітіліп, енді істі мәні бойынша қарау кезеңі басталмақ.
Сарапшылардың мәліметінше, Гвинеяда әлемдегі боксит қорының шамамен жартысы шоғырланған. Бокситтен алюминий өндірісіне қажетті глинозем алынады. 2021 жылғы әскери төңкерістен кейін елдегі жаңа билік шикізатты сыртқа экспорттаудан біртіндеп бас тартып, өз аумағында глинозем өндіретін зауыттар салуды жоспарлайтынын мәлімдеген болатын. Бұған дейін Гвинея бокситінің негізгі экспорттық нарығы Қытай саналған.
Алмас Мыңбаев – Қазақстанның бұрынғы Мұнай және газ министрі, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының экс-басшысы Сауат Мыңбаевтың жиені.
Forbes.kz басылымының мәліметінше, Алмас Мыңбаев Nomad Life және Nomad Insurance сақтандыру компанияларының акционері әрі директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады. Сонымен қатар ол Nomad Digital Financial Services ЖШС мен Ұлыбританияда тіркелген Sunkar Resources Limited компаниясының жалғыз иесі. Аталған компаниялар Ақтөбе облысындағы Шилісай фосфорит кен орнын еншілес «Темір-Сервис» ЖШС арқылы игеріп келеді.
Бұдан бөлек, кәсіпкер Koktenkol Resources Limited және AT Platforms компанияларында да үлеске ие.
#MunarMedia #Astana #Қазақстан #АлмасМыңбаев #Гвинея #Боксит #ICSID #Инвестиция #ХалықаралықАрбитраж