Munarmedia.kz 29.01.2026 /Астана/ Қазақстан ірі мұнай-газ жобаларындағы шамадан тыс өсірілген шығындарды сот арқылы қайта қарауға кіріскен тұста, құны 48,5 млрд долларды құрайтын «Теңізшевройлдың» Болашақ кеңейту жобасы (ПБР ТШО) төңірегінде «өлі тыныштық» сақталып отыр. Бұған мұнай өндіру саласының сарапшысы Олжас Байділдинов назар аударды.
Сарапшының айтуынша, ПБР ТШО жобасының күрделі шығындары 4 есе өсіп, бастапқы 12 млрд доллардан 48,5 млрд долларға жеткен.
«Бұл — Бурдж-Халифа ғимаратының құрылысынан 33 есе қымбат, Үлкен адрон коллайдерінен 6 есе жоғары, тіпті инфрақұрылымы дайын құрлықта орналасқан Теңізге қарағанда әлдеқайда күрделі теңіз жобасы саналатын Қашағаннан да қымбат. Мұндай жағдайда “ҚазМұнайГаздың” Теңіз жобасына жауапты тұлғалары кем дегенде қызметінен шеттетілуі тиіс», — деп жазды Олжас Байділдинов өзінің Telegram-арнасында.
Ол бұл мәселеде Өзбекстанның мемлекеттік мұнай компаниялары басшыларына қатысты қатаң жауапкершілік тәжірибесін мысалға келтірді.
Сарапшының пікір білдіруіне Қазақстанның Лондон арбитражында Қарашығанақ жобасының операторына қарсы миллиардтаған талаптар бойынша жеңіске жетуі себеп болған. Аталған дау капитальдық және операциялық шығындардың Қазақстан тарапы негізсіз деп санаған көлемін қайта қарауға қатысты.
Байділдиновтің айтуынша, апелляциялық процестерді есепке алмағанның өзінде, бұл арбитраждық жеңіс Қазақстанның позициясын күшейтіп, басқа да талап-арыздар бойынша табысқа жету мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар бұл газ өңдеу зауыттары мен инфрақұрылым жобаларын жеделдетуге жол ашуы ықтимал.
Осы орайда сарапшы PSA компаниясының қызметін оң бағалады. PSA — Қазақстан атынан Қарашығанақ пен Қашаған жобаларында уәкілетті орган болып саналады және халықаралық арбитраждарда республиканың мүддесін қорғайды.
Ал «ҚазМұнайГаз» туралы Олжас Байділдинов қатаң пікір білдірді.
«“ҚазМұнайГаз” “Теңізшевройл” жобасында Қазақстанның мемлекеттік мүддесін қорғай алмай отыр. Сондықтан елдің үлесін басқару PSA-ға берілуі тиіс», — деді сарапшы.
Айта кетейік, Болашақ кеңейту жобасы (ПБР ТШО) 2025 жылдың басында іске қосылып, сол жылдың жазына қарай толық қуатына шықты. Жоба алғаш рет 2012 жылы жоспарланған. Оның іске асуы нәтижесінде Теңіз кен орнындағы жылдық мұнай өндіру көлемін 40 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.
Жобаның түпкілікті құны 48,5 млрд доллар болатыны 2024 жылдың наурызында белгілі болды. Бұл бұрын бекітілген 45,2 млрд долларлық бюджеттен де жоғары.
«Теңізшевройл» төрт компаниядан құралған консорциумға тиесілі:
Chevron (АҚШ) — 50%,
ExxonMobil (АҚШ) — 25%,
«ҚазМұнайГаз» — 20%,
«Лукойл» (Ресей) — 5%.
Жобаның операторы — Chevron компаниясы.
Сарапшылардың пайымдауынша, Теңіз жобасына қатысты көтерілген бұл мәселе Қазақстанның стратегиялық мұнай-газ активтерін басқару жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажет екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.