Қазақстандықтар демалысқа жұмсаған қаржының 42 пайызы шетелге кетіп жатыр

47

Munarmedia.kz 18.06.2026. ASTANA – Қазақстанда ішкі туризм көрсеткіштері өсіп келе жатқанымен, азаматтардың демалысқа жұмсайтын қаржысының едәуір бөлігі шетелге бағытталуда. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы деректері көрсетеді.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы қазақстандықтар жалпы саны 11,7 миллион туристік сапар жасаған. Оның ішінде 10,3 миллионы ел аумағындағы бағыттарға тиесілі болған. Осылайша ішкі туризм жаңа рекордтық көрсеткіштерге жеткен.

Алайда сарапшылар назар аударған тағы бір үрдіс бар. Соңғы жылдары қазақстандықтардың туристік шығындарындағы шетелдік демалыстың үлесі тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, 2021 жылы бұл көрсеткіш 30 пайыз болса, 2022 жылы – 35 пайызға, 2023 жылы – 37,6 пайызға, 2024 жылы – 39,2 пайызға жеткен. Ал 2025 жылы шетелге жұмсалған туристік шығындардың үлесі алғаш рет 42 пайызға жуықтаған.

Статистикаға сәйкес, 2025 жылы қазақстандықтар демалыс пен саяхатқа жалпы көлемі 1 триллион 134,2 миллиард теңге жұмсаған. Оның ішінде шетелге барғандар саны небәрі 1,5 миллион адамды немесе барлық туристердің сегізден бір бөлігін ғана құраған.

Соған қарамастан дәл осы топ елден тыс жерлерде шамамен 475 миллиард теңге жұмсап, туристік шығындардың 42 пайызын шетел экономикасына бағыттаған.

Мамандар мұндай үрдісті шетелдік туристік бағыттардың қолжетімділігімен, қызмет көрсету сапасымен және баға саясатының бәсекеге қабілеттілігімен байланыстырады. Кейбір жағдайларда қазақстандықтар үшін Қызыл теңіз жағалауындағы демалыс Каспий теңізіндегі курорттармен салыстырғанда тиімдірек болып шығатыны айтылуда.

Сарапшылардың пікірінше, ішкі туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристік өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту маңызды.

#Туризм #Қазақстан #ІшкіТуризм #ШетелдікТуризм #Демалыс #ҚызылТеңіз #Каспий #Экономика #Статистика #Munarmedia