Munarmedia.kz 21.01.2026 /Астана/-Индонезияда жаңа Қылмыстық кодекс күшіне енді. Құжатта ресми некеде тұрмайтын адамдар арасындағы интимдік қатынас үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл талаптар шетелдік туристерге де толықтай қолданылады. Яғни, Қазақстан азаматтары да бұл шектеуден тыс қалған жоқ.
Жаңа нормаларға сәйкес, некесіз қарым-қатынас үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Алайда заңда маңызды бір ерекшелік бар: жаза тек жақын туыстары немесе заңды жұбайы ресми шағым түсірген жағдайда ғана қолданылмақ.
Бұл дегеніміз, құқық қорғау органдары өз бетімен тексеріс жүргізбейді — іс тек шағым негізінде қозғалады. Соған қарамастан, жаңа талаптар туристер үшін, әсіресе танымал демалыс бағыты саналатын Бали аралында демалуды жоспарлағандар үшін тәуекелді арттыра түсті.
Айта кетейік, аталған нормалар 2026 жылдың қаңтар айынан бастап күшіне енді және Индонезиядағы заңнаманы кешенді жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформаның бір бөлігі саналады. Ел билігі бұл қадамды дәстүрлі құндылықтарды қорғау және қоғамдық моральды нығайту қажеттілігімен түсіндіреді.
Фото: pixabay