Munarmedia.kz | 09.09.2026 | АСТАНА– Қазақстан экономикасына 2035 жылға дейін шамамен 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандықтарының өкілдері.
Ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларында күтіледі.
Қазірдің өзінде құрылыс саласында мамандар тапшылығы байқалады. Бұл бағыттағы қажеттілік колледждердегі мамандар даярлау көлемінен 4,5 есе жоғары. Атап айтқанда, құрылыс саласына 102 мың маман қажет болса, колледждерде осы бағыт бойынша 22,4 мың студент білім алып жатыр.
Ауыл шаруашылығында да кадр тапшылығы бар. Салаға шамамен 73 мың маман қажет болғанымен, тиісті мамандықтар бойынша 12,7 мың студент ғана оқып жатыр.
Осыған байланысты сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерінің тізімі кеңейтілді. Бұған дейін тізімде 51 мамандық болса, қазір олардың саны 174 бағытқа жеткізілді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, кадрларға деген сұраныс пен мамандар даярлау арасындағы алшақтықты азайту үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын өңірлер мен экономика салаларының нақты қажеттілігіне қарай қайта бөлу қажет.
«Аталған алшақтық мемлекеттік тапсырысты өңірлер мен салалардың кадрлық қажеттілігіне сәйкес қайта бөлуді талап етеді», – деді министр.
#Қазақстан #КадрТапшылығы #Мамандық #ЖұмысшыМамандықтары #Білім #Колледж #Өнеркәсіп #Құрылыс #АуылШаруашылығы #IT #ЕңбекНарығы #Munarmedia