Munarmedia.kz 10.01.2026 /Астана/ Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жүйесінде жоспарлы кадрлық ротация жүргізілді. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады. Тиісті тағайындаулар ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен және Мемлекет басшысының Әкімшілігімен келісу арқылы жүзеге асқан.
Кадрлық өзгерістер аясында бірқатар өңірлік полиция департаменттерінің басшылары ауыстырылып, орталық аппаратта да жаңа тағайындаулар жасалды.
Атап айтқанда, бұған дейін Көліктегі полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған полиция генерал-майоры Айдос Қақашаұлы Рысбаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Ал Түркістан облысының полиция департаментін басқарған полиция генерал-майоры Мұрат Талапұлы Қабденов ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қызметіне кірісті.
Бұрын Алматы қаласының полиция департаментін басқарған полиция генерал-майоры Арыстанғани Расылханұлы Заппаров Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментін басқарған полиция генерал-майоры Айдын Тоқтарұлы Қабдулдинов Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы қызметіне ауысты.
Ал Ақтөбе облысының полиция департаментінің бұрынғы бастығы, полиция полковнигі Абай Қуатбайұлы Жүсіпов Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментін басқаруға тағайындалды.
Ұлытау облысының полиция департаментін басқарған полиция генерал-майоры Қайыркен Жетпісбайұлы Әлиев Ақтөбе облысының полиция департаментінің бастығы болды.
Бұған дейін Атырау облысының полиция департаментін басқарған полиция генерал-майоры Нұрхат Кенжебайұлы Уразбаев Ұлытау облысының полиция департаментінің бастығы қызметіне кірісті.
Ал ҚР ІІМ Аппаратының бұрынғы басшысы полиция генерал-майоры Онал Ботаұлы Бекиев Атырау облысының полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды.
ІІМ мәліметінше, аталған кадрлық ротация басқару тиімділігін арттыруға, өңірлердегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын күшейтуге бағытталған.