Munarmedia.kz, Астана 2025 жыл -Бүгін Шамалған ауылындағы Назарбаевтар әулетінің қорымынан жаңадан қазылған бейіт табылды.
«Орда» порталының тілшілері оқиға орнына барып, ешқандай жазуы немесе белгісі жоқ қабірді көрген. Ол Болат Назарбаевтың бейітінің қасында орналасқан. Бұл — Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бұрынғы жұбайы Сара Алпысқызы көз жұмып, дәл осы жерге жерленді деген болжамға негіз береді.
2025 жылғы 14 мамыр, сәрсенбі күні «Орда» дереккөздері Сара Алпысқызының Алматыдағы Президент істері басқармасына қарасты республикалық клиникалық ауруханада ("Совминка") емделіп жатқанын, өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылып, қайтыс болғанын хабарлаған еді.
Алайда кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл ақпаратты жоққа шығарып, әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Дегенмен соңғы күндердегі оқиғалар көпшіліктің күмәнін күшейтті.
16 мамыр күні Алматы қаласының жоғарғы бөлігінде орналасқан Назарбаевтар отбасылық резиденциясының маңында полиция жасағы күшейтілді. Дулати көшесі уақытша жабылып, қозғалыс тоқтатылды. Журналистер көптеген көліктердің келгенін, сондай-ақ катафалкқа ұқсас көлікті байқап қалған.
«Орда» тілшілерін резиденцияны күзетіп тұрған күзетшілер ұстап, ұялы телефондарындағы барлық фото және бейнематериалдарды жойғызған. Содан кейін оларды Бостандық аудандық полиция бөліміне жеткізіп, түсініктеме жаздыртқан. Кейін тілшілер босатылды.
Қазіргі сәтте Сара Алпысқызының қайтыс болғаны жөнінде ресми мәлімет жарияланған жоқ.
Сара Назарбаева — Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымы, бала тәрбиесі мен әлеуметтік жобалармен айналысқан қайраткер. Оның бастамалары мен жобалары туралы толық ақпаратты мына жерден оқи аласыз.
• Фото: «Орда» порталы