7 қарашада Алматы, Алматы облысы және Ұлытау облысында діни-экстремистік қызметті ұйымдастырды деген күдікпен бес Қазақстан азаматы ұсталып, тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысы бар деген күдікке ілінген тағы 17 адам елден шығуға тыйым салу туралы қолхатпен босатылғанын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. «Аталған тұлғалардың төртеуі бұрын экстремистік қылмыстар үшін сотталған, ал тоғызына тыйым салынған ұйым қызметіне қатысуға жол берілмейтіні туралы ресми ескерту берілген», — деп мәлімдеді ҰҚК. Күдіктілердің тұрғылықты жерінде тінту жүргізу барысында діни әдебиеттер мен өзге де айғақ заттар тәркіленді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 405-бабының 1 және 2-бөліктері («Экстремизм немесе терроризм қызметіне байланысты сот шешімімен тыйым салынған немесе таратылған қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге де ұйымның қызметін ұйымдастыру және оған қатысу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.