Қоғам белсендісі Айнаш Кернейдің айтуынша биліктің "Жеңіс рухы" атты акцияны насихаттауы, артынша журналист Лұқпан Ахмедияровтың ұсталуы бір-бірімен байланысты.
Айнаш Кернейдің пайымдауынша, бәрі Тасмағамбетовтың үндеуінен басталған...
ОДКБ төрағасы қазақ балаларын соғысқа апаруға қарсы екенін айта келе, болашақта болуы мүмкін оқиғалар туралы ескертіп, өзінің осынау саяси ойыннан аулақ жүретінін меңзеген.
Айтуынша, 4 сәуір күні Алматыда өткен "Жеңіс жады: ұрпақтар бірлігі мен халықтар достығы" атты конференцияда Ақпарат министрі "ерлікке тағзым ету керек" дей келе, соғыс туралы фильмдер түсіріп, кітап шығарып, мектептерде оқыту қажет екенін айтқан.
"Жаңа буынды әскери рухта тәрбиелеу керек сыңайда сөйледі. Бірақ нені әспеттейміз? Панфиловшылардың мифі ме? Шұрық тесік шинель, аштық пен қорлық, окоптағы азап өлім, өз солдатын өзі атқан Сталин жүйесін мадақтаймыз ба? Кез-келген соғысты насихаттау қателік. Ұрпақтың санасын соғыс рухымен улауға болмайды", - дейді Айнаш Керней.
Биліктің аузынан шыққан сөзді еліміздегі ресейшіл сарапшылар қағып әкетіп, ауыл-аймақта соғыс туралы дәріс өткізу керегін айтқан.
Айнаш Кернейдің пікірінше, бұл пропаганданың жаңа формасы. Ересектерге өтпеген идеологияны балаларға тықпалау.
"Соғысты насихаттайтын хабарды экраннан көргіміз келмейді. Осы тұста Лұқпан Ахмедияров неге тұтқындалды деген сауал туындайды? Журналист қазақтарды Ресейге жұмысқа шақырып, артынан келісімшартпен соғысқа апаратын схеманы әшкерелеген. Бұл шындықты билік көргісі келмеді. Лұқпан Тасмағамбетов айтқан қауіптің нағыз дәлелін көрсеткендей", - дейді қоғам белсендісі.
"Кеңес мифімен тәрбиеленіп, енді сол жолмен тағы бір ұрпақты құрбан етеміз бе? Жеңіс шеруінің қазақтарға керегі жоқ. Мұны қазір айтпасақ, ертең кеш болады. Мұның астарында соғысқа дайындау, ал фильм мен кітаптың артында мәңгүрттендіру жатыр", - дейді Айнаш Керней.