Қазақстан ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев қамаудан қашып кетіпті деген ақпаратты жоққа шығарды
"Ол қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазасын өтеп жатыр" деп мәлімдеді комитеттің баспасөз қызметі. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі хабарлады. ҚАЖК Бишімбаев нақты қай мекемеде екенін айтпаған.
ҚазТАГ-тың жазуынша, ҚАЖК азаматтарды жалған ақпарат таратпауға, тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырған.
"Осы жағдай туралы жалған ақпарат таратуға байланысты қылмыстық іс қозғалды, кінәлілер жауапқа тартылады" деді комитет.
Бұған дейін бірқатар ресейлік телеграм-арна Бишімбаев қашып кетіпті деген хабар таратқан деді ҚазТАГ агенттiгi.
7 қарашада AIRAN редакциясы YouTube-те жариялаған видеода Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатыр деген Ақмола облысы Аршалы ауылындағы колонияға барып, бұрынғы министрді таба алмағанын хабарлаған. Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова экс-министрдің Аршалыда емес екенін растаған. Журналистер Степногорск қаласындағы колонияға да барған, бірақ мекемеден жауап беруге ешкім шықпаған.