Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, қасиетті Рамазан айында араб тіліндегі діни терминдерді қолданудан бас тартуға шақырды, деп хабарлайды Kazislam.kz.
Бас мүфти жастар арасында «ифтар» орнына «ауызашар», «сухур» орнына «сәресі» секілді қазақы атауларды қолданудың азайып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
«Бұл, әрине, қынжылтады. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанып, „ауызашар“ мен „сәресі“ деген атауларды пайдаланды. Біз бөтен тілдерден енген діни терминдерден бас тартып, қазақ тілінің байлығын сақтауға тиіспіз. Себебі, біздің мәдениетіміз бен сеніміміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді», – деді Бас мүфти Астанада өткен Рамазан айына арналған баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ, ҚМДБ басшысы қазақстандық мұсылмандарды ана тіліне құрметпен қарауға және ата-бабалар үлгісін ұстануға шақырды.
• Фото: ҚМДБ (муфтият).