Қазақстанда әйел адамның бетін тұтастай жауып тұратын қара киім – ниқаб киюге заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары Ішкі істер министрлігінің осыған қатысты ұсынысын талқылап жатыр деп жазады Ertenmedia.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, әзірге ниқабқа ресми тыйым салынбаған, бірақ мәселе қызу талқылануда.
Әшкереге жеткен мәлімет бойынша, бұл шешілген мәселе.
Шындығында, осыған ұқсас шешім әлемнің бірқатар елінде бұған дейін қабылданған. Әсіресе, көршілес мемлекеттерде де осындай тыйым бар. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанда қоғамдық орындарда бетті толық жауып тұратын киім кию заңмен шектелген. Олар мұны діни себеппен емес, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп тұрғысынан түсіндіреді.
Президент Тоқаев түнеукүнгі құрылтайда бұл мәселені ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейліктің тұрғысынан көтерді.
Соңғы кезде Қазақстанда қазақы нақыштағы киім тігетін брендтер мен тігін ательелері көбейіп, ұлттық элементі басым заманауи киімдерге сұраныс артып келеді. Бұл тренд жастар арасында да кеңінен қолдау табуда.
Зайырлы мемлекет ретіндегі ұстанымы тұрғысынан қарағанда, қоғамның ашықтығын, айқындығын қамтамасыз ететін мұндай шешімнің логикасы анық. Бетті тұтас жауып тұратын киімнің қоғамға енгізетін бөлінушілік ықтималдығы жоғары. Сондықтан мемлекет мұндай мәселеге келгенде айқын позиция білдіруге толық құқылы.
Алдағы уақытта Мәжілістегі талқылаулардың нәтижесі осы мәселеге нүкте қойып, ресми шешім шығаруы тиіс. Ұлттық киімге бет бұрған қоғамда ниқабқа қатысты шешімнің де жақын арада қабылдануы мүмкін.