Қостанай облысында су қорын заңсыз пайдаланған компанияға рекордтық айыппұл салынды

46

Munarmedia.kz. 07.10.2025 /Астана/ -Қостанай облысының Рудный қаласында мемлекет меншігіндегі су ресурстарын заңсыз пайдалану дерегі анықталып, кінәлі компанияға 1 миллион 671 мың 100 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл — соңғы жылдардағы ең ірі экологиялық жаза болып отыр.

Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясының мамандарының айтуынша, аймақта «қара нарықтағы» су айналымы белең алған. Кейбір өндірістік кәсіпорындар өз қажеттіліктерін өтеу үшін рұқсатсыз су көздерінен су тартып келген. Солардың бірі ұңғымадан су алу және арнайы су пайдалану жөнінде ешқандай рұқсат құжаты жоқ күйде жұмыс істеп жүргені анықталған.

Инспекция қызметкерлері кәсіпорынды тікелей заңсыз әрекет үстінде ұстап, әкімшілік іс қозғаған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 141-бабы бойынша компанияға мемлекет меншігіндегі суларға құқықты бұзғаны үшін айыппұл салынды.

Биыл осындай құқық бұзушылықтар үшін тағы төрт айыппұл салынған, олардың жалпы сомасы осы соңғы дерекпен шамалас. Енді барлық кінәлі кәсіпорындарға су алу ісін заңды жолмен рәсімдеу міндеттелді.

Мамандардың айтуынша, бұл шаралар заңсыз су пайдалану фактілерін азайтып, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға бағытталған.