Munarmedia.kz 07.10.2025 /Астана/ Қазақстанда «қара су нарығына» қарсы күрес шеңберінде Тобыл–Торғай бассейндік инспекциясының мамандары арнайы су пайдалану рұқсаттарын талдау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жүргізілген тексеріс барысында Қостанай облысы Рудный қаласындағы бір кәсіпорынның арнайы рұқсатсыз жер асты ұңғымасынан су алғаны анықталды. Бұл әрекет жаңа Су кодексінің 53-бабында көзделген бақылау-қадағалау өкілеттіктері аясында тіркелген.
Аталған заң бұзушылық үшін кәсіпорынға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 141-бабының 2-бөлігі («Суларға мемлекеттік меншік құқығын бұзу») бойынша 1 671 100 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл — биыл Тобыл–Торғай бассейндік инспекциясы тарапынан қолданылған ең ірі айыппұлдың бірі.
2025 жылдың басынан бері инспекция 5 заң бұзушылық дерегін анықтаған. Олардың барлығы бойынша жалпы сомасы 2 339 540 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар барлық заң бұзушыларға арнайы су пайдалану рұқсатын алу жөнінде нұсқама мен ұсыныстар берілген.
«Жаңа Су кодексіне енгізілген қадағалау функциялары бассейндік инспекцияларға азаматтардың өтініштеріне, су заңнамасын бұзу фактілеріне және мониторинг нәтижелеріне дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Инспекторлар оқиға орнына бірден барып, заң бұзушылық расталған жағдайда әкімшілік айыппұл сала алады. Бұл заңсыз су алу мен “қара су нарығына” қарсы күрестің тиімділігін арттырады», — деді Тобыл–Торғай бассейндік инспекциясының басшысы Алмат Әбжанов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 10 топтық су құбырының басқару құқығы жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілген болатын.