Қостанайда оқушының өлімі туралы тараған хабарлама мен аурушаңдықтың көбеюіне қатысты түсінік берілді

48

Munarmedia.kz 16.11.2025 / Астана/-Қостанайда мектептерді карантинге жабу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оқырманның бірі аурушаңдықтың күрт артуына алаңдайтынын айтып, оқушының қайтыс болғаны жөнінде ақпарат жолдаған.

Оның айтуынша, Астанадан келген 11-сынып оқушысы облыстағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде (НИШ) дене қызуы көтеріліп, екі күн ішінде көз жұмған.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты растаған жоқ:
«Оқушылар арасында өлім жағдайы тіркелмеген», – деп қысқа жауап берді.

Қостанайдағы НИШ те ресми түсінік таратты. Мектептің мәліметінше, жасөспірім 5 қараша күні Астанада, заңды өкілінің қасында болған кезде, медициналық мекеменің жансақтау бөлімінде қайтыс болған.
Оқушы каникулдан кейін 2 қараша күні кешкі уақытта мектеп жатақханасына орналасқан.
3 қарашада өзін жайсыз сезінгенін айтып, оны сенімді тұлға жатақханадан алып кеткен. Қазіргі уақытта нақты диагноз бен өлім себебі анықталмаған.

Оқырман сонымен қатар өңірде карантин енгізіле ме деген сұрақ қойды.

Қостанай облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл мәселеге қатысты түсінік берді. Ведомство басшысының орынбасары Гүлім Досумова:

«Облыста мектептерді онлайн-оқыту форматына көшіруге негіз жоқ», – деп мәлімдеді.

1 қазаннан бері өңірде 5 545 адам жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққан, олардың 4 686-сы – оқушылар. 220 мектепте ауру анықталған.

Қолданыстағы тәртіпке сай:

  • Егер бір инкубациялық кезең ішінде (7–10 күн) оқушылардың 30%-дан астамы ауырса, мектеп онлайн-оқытуға көшіріледі.

  • 20–30% аралығында – кабинет жүйесі тоқтатылады, балалар сыныптар арасында жүрмейді, жаңа оқушылар қабылданбайды.

  • 10–20% аралығында – мектептің өз ішінде шектеу шаралары енгізіледі.

Облыста 1 қазаннан бері төрт мектепте аурушаңдық 10–20% аралығында тіркелген.

Munarmedia.kz жағдайдың барысын бақылауда ұстайды.