Екі жыл бұрын Қостанайға қоныс аударған белгілі педагог Сәрсенбек Бақытұлының айтуынша өңір әлі күнге дейін қазақыланбаған қалпында қалып отыр.
Өңірде қазақ мүддесі үшін жұмыс істеп жатқан азаматтардың саны санаулы. Осы жолда жүрген белсенділер көптеген кедергімен бетпе-бет келуде деп жазады Ertenmedia.kz.
Айтуынша, қазақ мектебіне барған балалардың көпшілігі ана тілінен мақұрым.
"Таза қазақ мектебінде оқитын балам "Ешкіммен сөйлесе алмадым. Дос таппадым. Әке, кетейікші" деп күнде мазамды алады. Тіпті бір жолы "Өзіміздің Қазақстанға қайтайықшы" деп өтінді. "Бұл Қазақстан ғой" десем, сенбейді. Қостанай әбден орыстанған. Тұтас қаланың келбеті осындай. Өз еліңде жүрсең де, өгейсің. Ұлттық бағыт дегенді мүлде ұмытқан", - деп қынжылады автор.
"Туғалы орыстанған ортада өскен осындағы қазақтың қыз-жігіттері Ресей үшін соғысқа аттанып жатса, таңғалуға болмайды. Олар Кремль пропагандасының құрбандары. Билік солтүстікке мүлдем бас қатырмайды. Тоқаевтан бастап, әкім-қараларға дейін жалтақ позиция ұстанады", - дейді Сәрсенбек Бақытұлы.
Бұған дейін Әшкере өңір әкімі Құмар Ақсақаловтың Тоқаевтың ескертуіне құлақ аспай отырғанын жазған еді.