Munarmedia.kz 07.10.2025 /Астана/ Бұған дейін алаяқтық жасады деген күдікпен іздеу жарияланған Сергей Филь қолға түсті. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, 45 жастағы Астана тұрғыны екі және одан да көп адамға қатысты алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінген.
— Күдікті полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, — делінген полицияның ресми хабарламасында.
ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің бұл кезеңінде өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қулагер» хоккей клубының басшысы 24 қыркүйектен бері із-түссіз жоғалған деп хабарланған болатын. Кейін бірнеше хоккейші полицияға оның атына алаяқтық фактілері бойынша шағым түсірген.