Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

“Құранда: «Егер әділ бола алсаңдар, екінші әйел алыңдар» деп жазылған” – дейді теолог Мұхиддин Исаұлы

64




Белгілі исламтанушы, теолог Мұхиддин Исаұлы еліміздегі ажырасу көрсеткішінің артуын қоғам үшін үлкен трагедия деп бағалады. Оның айтуынша, отбасы институтының әлсіреуі – ұлттың болашағына төнген қатер, деп хабарлайды shyn-ar.kz ақпараттық порталы.

– Бұл мәселені тек діни шеңберде емес, тұтас қоғам алдындағы жауапкершілік тұрғысынан да қарастыруымыз қажет. Қазақстан бүгінде ажырасу бойынша әлем елдері арасында алдыңғы қатарда тұр. Бұл – ұлттық трагедия. Отбасы – кішкентай мемлекет. Әр отбасы берік болса, мемлекет те солай нығая түседі, – дейді теолог.

Ол қазіргі қоғамда некесіз, жасырын қарым-қатынастардың белең алғанын айтып, шариғатқа сай, ашық түрде екінші әйел алу – әлдеқайда әділетті шешім екенін жеткізді.

– Бүгінде ресми түрде емес, бірақ бірнеше әйелі бар ер адамдар аз емес. Олар бұл қарым-қатынасты заңдастырмай, жасырып өмір сүреді. Бұдан гөрі шариғатқа сай, некелесіп, жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Бұл – ата-бабаларымыздан келе жатқан жол. Мысалы, Абылай ханның бірнеше жары болғанын бәріміз білеміз, – дейді Исаұлы.

Дегенмен, теолог шариғатта “екінші әйел алу – парыз” деген талаптың жоқ екенін қадап айтты. Керісінше, бұл – зор жауапкершілік пен әділдікті талап ететін іс.

– Бірінші әйелінің өзіне дұрыс қарауға шамасы жетпейтін, еңбекке құлқы жоқ, жалқау ер-азаматқа екінші әйел алуға шариғат рұқсат бермейді. Қазір “жатып ішер” еркектер көбейді. Бұл – дұрыс емес. Құранда: “Егер әділ бола алсаңдар, екінші әйел алыңдар” деп айтылған. Алайда әділ болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін ауыр іс, – деді Мұхиддин Исаұлы.

Оның айтуынша, мемлекет азаматтарға ортақ мүмкіндік беріп отыр, алайда әркімнің рухани өмірі – өз қолында, әрі бұл – адамның ішкі жауапкершілігіне тікелей байланысты.