ҚХР Төрағасы келіссөздердің жылы, достық рәуіште өткенін және нәтижелі болғанын мәлімдеді
ҚХР Төрағасы Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, өзара қолдау білдірудің игі дәстүрін бірлесе дамытатынына және еселей түсетініне, сондай-ақ өзара саяси сенімді тұрақты түрде нығайтып, ұлттық даму стратегияларын ұштастыруға ықпал ететініне және бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенім білдірді.
– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Нақты салалардағы ықпалдастық бағытында жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде жаңа міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрияландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысымызды ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын белсенді іске асырамыз. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз. Сонымен қатар негізгі минералдық ресурстар, баламалы энергия көздері, ғылыми-техникалық инновациялар, авиация және ғарыш, цифрландыру салаларындағы дамудың жаңа бағыттарын бірлесе ілгерілетуге ниеттіміз, – деді ҚХР Төрағасы.
✔️Си Цзиньпин БҰҰ, ШЫҰ, «Қытай – Орталық Азия» сияқты көпжақты алаңдар желісі бойынша тығыз ықпалдастық орнатқаны жөнінде атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдады. ҚХР Төрағасы Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын тағы да растады және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.