Қырғызстан әскерінде «әлімжеттікке» қарсы жаза күшейтілмек

28

Munarmedia.kz.15.10.2025 /Астана/ Қырғыз Республикасында Қорғаныс министрлігі армиядағы әлімжеттік пен жарғыға қайшы қатынастар үшін жазаны күшейтуді ұсынды. Қоғамдық талқылауға шығарылған жаңа заң жобасы Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстер мен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске бірқатар түзетулер енгізуді көздейді.

Бұл бастама – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының тапсырмасы бойынша әзірленген және әскери ортада «дедовщина» деп аталатын келеңсіз құбылыспен күреске бағытталған. Министрлік мәлімдеуінше, мұндай әрекеттер армияның тәртібін бұзып, бөлімдердегі моральдық ахуалды нашарлатады және жауынгерлік дайындыққа кедергі келтіреді.

Жобаға сәйкес, әскери қызметкерлерге қолданылатын ең жоғарғы қамау мерзімі қазіргі 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін ұзартылмақ. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі жаза тәрбиелік әсерін жоғалтқан, сондықтан тәртіпті күшейтудің уақыты келген.

Сонымен қатар, заң жобасында билікті асыра пайдалану фактісі бойынша қозғалған істерді «ақтамайтын негіздермен» тоқтатуға тыйым салу ұсынылған. Бұл — әсіресе мерзімді қызметтегі сарбаздарға қатысты әділетсіздікке жол бермеу және жазасыздықты жою тетігі.

Жаңа шаралар әскери тәртіпті нығайтып, әлімжеттік фактілерін азайтуға және әскердің беделін көтеруге бағытталған. Қорғаныс министрлігі бұл өзгерістердің нәтижесінде сарбаздардың қауіпсіздігі артып, азаматтардың әскери қызметке деген сенімі күшейеді деп сенеді.

Соңғы айларда Қырғызстан армиясында бірқатар коррупциялық жанжалдар тіркелгені белгілі. Осыған байланысты ведомство басшылығында кадрлық ауыс-түйістер жүргізіліп, жаңа команда әскердегі күрделі мәселелерді шешуге кірісті.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қадамдар елдің қорғаныс жүйесін жаңғыртудағы маңызды бетбұрыс болуы мүмкін. «Қалай болғанда да, бұл бағытқа жеке өзі бақылау жасап отырған Камчыбек Қадыршаевичтің қатысуы армия реформасына салмақ беріп отыр», – деп жазады қырғыз басылымдары.

Айта кетейік, Қазақстанда әскердегі бейресми қарым-қатынастар мәселесіне мүлде басқа тұрғыда қаралып отыр. Елде «әскердегі аға жауынгерлер институты» атты жаңа тәжірибе енгізіліп, әзірге ол Ұлттық ұланның бір бөлімінде ғана сынақ түрінде жүзеге асырылуда.

Реформаның мақсаты — дәстүрлі әскери иерархияны сақтай отырып, бейресми «дедовщина» құбылысының алдын алу. Яғни, «аға жауынгерлер» жүйесі жауапкершілік пен тәлімгерлікке негізделмек.