Munarmedia.kz 26.06.2025 /Астана/-Қырғыз Республикасы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен дәстүрлі құндылықтарды қорғау жолында заңнамалық деңгейде қатаң шараларды қабылдай бастады. Бұл туралы 24.kg және Kaktus Media басылымдары хабарлады.
Жоғарғы Кеңеш мақұлдаған жаңа заң жобаларына сәйкес, мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі тиіс тұлғалар тізімі айтарлықтай кеңейтілді. Енді қырғыз тілін еркін меңгеруі қажет:
-
барлық деңгейдегі депутаттар мен министрлер;
-
судьялар мен Ұлттық банк қызметкерлері;
-
прокурорлар, тергеушілер және күштік құрылымдардың өкілдері;
-
ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері.
Сонымен қатар, адвокаттар мен нотариустарға лицензия беру үшін де мемлекеттік тілді меңгеру міндетті талап болады. Тіпті, шетел азаматтары да егер қырғыз тілін жеткілікті деңгейде білмесе, Қырғызстанда тұруға рұқсат (ВНЖ) немесе иммигрант мәртебесін ала алмайды.
Медиа саласына қатысты да жаңа талаптар бекітілді:
-
Телерадио хабарларының кемінде 60 пайызы қырғыз тілінде болуы шарт.
-
Барлық жарнамалық мәтіндер орфография мен мемлекеттік тіл нормаларына сәйкестігі бойынша жергілікті атқарушы органдармен алдын ала келісуі тиіс.
Бұл талаптарды бұзған жағдайда, жауаптыларға айыппұл салынады:
-
жеке тұлғаларға – 5000 сом (шамамен 29 500 теңге),
-
заңды тұлғаларға – 17 000 сом (шамамен 100 500 теңге).
Дәстүрлі құндылықтарды қорғау мақсатында парламент тағы бір маңызды шешім қабылдады — порнографиялық мазмұндағы сайттарға толық тыйым салынады.
Бұл шектеу тек порносайттарға ғана емес, кез келген интернет-ресурсқа қолданылуы мүмкін.
Kaktus Media дерегінше, деструктивті контент туралы кез келген азамат шағым жасай алады. Ондай шағым түскен соң, бір тәулік ішінде сайт бұғатталуы тиіс, ал ресурс иелерінен бұл материалды алып тастау талап етіледі.
Жаңа шаралар мемлекет саясатының бағыт-бағдарына сай — ұлттық бірегейлікті сақтау, тілді нығайту және ақпараттық кеңістіктегі моральдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.
Бақылаушылардың пікірінше, Қырғызстандағы бұл үдеріс аймақтағы тілдік және мәдени саясаттың қатайып келе жатқанын көрсетеді.