Munarmedia.kz 26.06.2025 /Астана/-Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Токмок қаласының әкімі Максат Нусувалиевтің ұсталуына қатысты егжей-тегжейлі ақпарат таратты.
2025 жылдың 24 маусымында Максат Нусувалиев жергілікті атқарушы билік өкілдерімен кеңес өткізіп жатқан сәтте Қырғызстан ҰҚМК қызметкерлері тарапынан ұсталды. ҰҚМК таратқан ресми мәліметке сәйкес, арнайы тапсырмамен қалаға Қырғызстан президентінің тапсыруымен мекеме басшысы Камчыбек Ташиев келген.
Бұған дейін Токмок тұрғындары билік органдарының жұмысына наразылығын білдіріп, орталық билікке ресми шағым түсірген. Шағымдардың негізгі мазмұны — қаладағы саябақ құрылысының тұралап қалуы мен бірқатар шағын аудандарда спорт залдарының болмауы.
Камчыбек Ташиев тұрғындармен жеке кездесіп, олардың өтініштерін тыңдаған соң, заманауи спорт кешенін салуға тапсырма берген.
Сол күні Ташиев Токмок қалалық әкімдігінде Шу облысының жергілікті атқарушы органдары басшыларымен кеңес өткізген. Кеңес барысында қаладағы саябақ құрылысынан бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Ресми мәліметке сүйенсек, саябақ салуға 44 миллион сом бөлінген, оның 42 миллионы «Аль-Кадыр-Сантехсервис» ЖШС-не мердігер ретінде аударылған. Алайда, ҰҚМК деректері бойынша, бұл қаражат толық көлемде игерілмеген және құрылыс жұмыстары салғырттықпен орындалған.
Аталған фактілер бойынша мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірілгені анықталған. Осыған байланысты, кеңес үстінде бірқатар лауазымды тұлғалар – Токмок қаласының әкімі Максат Нусувалиев, Муниципалды мүлік департаментінің басшысы Т.у.А., құрылыс компаниясының атқарушы директоры және саябақ құрылысына жауапты тұлға К.Т.Е. ұсталды.
Қазіргі уақытта тергеу шаралары жалғасуда. ҰҚМК бұл істі аса ірі көлемдегі мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалану және лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану дерегі ретінде қарастырып отыр.