16.06.2026. ASTANA. Munarmedia.kz – Бішкектің Первомай аудандық сотында 15 маусым күні мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді талап еткен саясаткерлердің «75 хат» ісі бойынша қылмыстық іс ашық форматта қаралды. Сот барысында құжатқа қол жинау, хаттың парламентке түсуі және оның төңірегіндегі қоғамдық резонансқа қатысты бірқатар жаңа мәлімет жария болды.
Сот отырысында куәгер ретінде бұрынғы депутат, «Red Petroleum» жанармай құю бекеттері желісі иесінің әкесі Абдимуктар Маматов жауап берді. Оның айтуынша, биылғы 7 ақпанда танысы, Жалал-Абад облысындағы «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Тоқтоғұл Сооронбаев оны бұрынғы елші Эмиль Узакбаев және экс-депутаттармен кездесуге шақырған.
Маматов мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы хатқа қол қойғанын, алайда құжат мәтінін толық оқымағанын айтты. Оның сөзінше, ұйымдастырушылар барлық мәселенің келісілгенін жеткізген, бірақ нақты бір кандидатқа қолдау көрсету жайы талқыланбаған.
Сотта белгілі болғандай, «75 хат» 10 ақпанда белгісіз азамат арқылы Қырғызстан парламентіне тапсырылған. Кейін құжат тіркеу бөлімінен өтіп, электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жауапты комитеттерге жолданған.
13 ақпанға қарай хат Жогорку Кенештің конституциялық заңнама жөніндегі комитетіне түскен. Құжатқа комитет төрағасы, қазіргі іс бойынша айыпталушы Курманқұл Зулушев қарау жұмыстарын бастау жөнінде бұрыштама қойған.
Алайда 18 ақпанда парламент спикері Марлен Маматалиев комитет қызметкерлерін арнайы шақырып, түсініктеме алған. Куәгерлердің айтуынша, Зулушев сол кездесуде хатты алғаш рет көріп тұрғанын айтып, оған дейін құжатпен таныстырылмағанына наразылық білдірген.
Кейін комитет хатты қарау мәселесін күн тәртібінен алып тастап, құжат бойынша Конституциялық соттың қорытындысын алу қажеттігін көрсеткен.
Іс бойынша айыпталушылардың бірі, Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиев сот барысында қылмыстық істің қозғалуына таңданысын білдірді. Оның пікірінше, азаматтардың парламентке жүгінуі заңды әрекет болған және құжат кейін қарауға жатпайтын материал ретінде танылған.
Сонымен қатар сот отырысында депутат Эльвира Сурабалдиева куәгер ретінде жауап берді. Ол бұған дейін берген сұхбатында Ташиевтің қызметінен кетуін мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетімен байланыстырған болатын.
Осы мәлімдемеден кейін Ташиев пен Сурабалдиева арасында сөз таласы туындады. Экс-шенеунік өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, куәгерден дәлел талап етті. Даулы пікірталас кезінде судья бірнеше рет араласып, тараптарды тәртіп сақтауға шақырды.
Бұл ретте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бұған дейін парламенттегі кейбір депутаттардың саяси интрига ұйымдастырмақ болғанын, алайда «75 хаттың» қозғалысын өзі бақылап отырғанын мәлімдеген еді.
Осы арада әлеуметтік желілерде Ташиевке ұқсас адамның жауап алу сәті түсірілген бейнежазба тарады. Видеодағы адам өзінің ықпалы мен арнайы қызмет органдарындағы тәжірибесі туралы айтып, қажет болған жағдайда әрекетке көшетінін мәлімдейді. Сондай-ақ оның қолдауына мыңдаған адамның шығуы мүмкін екені туралы сөздер айтылған.
Қазіргі уақытта «75 хат» ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
#Қырғызстан #75Хат #Бішкек #Сот #КамчыбекТашиев #СадырЖапаров #ЖогоркуКенеш #Саясат #MunarmediaKZ