Munarmedia.kz 29.11.2025 /Астана/ Қытай азаматтары визасының мерзімі өтіп кеткен жағдайда Қырғызстан аумағынан дереу шығарылатын болады. Бұл туралы Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиев мәлімдеді, деп хабарлайды «Кабар» агенттігі.
«Барлық шетелдіктер тіркеуде тұр. Біздің еңбегімізді жоққа шығаратын арандатуларға ермеу керек. Уайымдамаңыздар, біз ешқандай “басып кіруге” жол бермейміз. Біз де сіздер сияқты өз еліміздің патриотымыз. Жерімізді сүйеміз, қадірлейміз. Қытай азаматтары жұмысын істеп, нысандарын салып, еліне қайтады. Біз бұның бәрін бақылауда ұстаймыз», — деп келтіреді Ташиевтің сөзін «Eurasia Daily».
ҰҚМК басшысының айтуынша, халық арасында «қытайлардың нашествиесі» жайлы түрлі пікір бар — рас ақпарат та, жалған әңгіме де көп. «Шынында, Қырғызстанда Қытай азаматтарының саны артты. Себебі ірі жобалар басталды, инвестициялар құйылды. Соның ішінде Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жолы бар. Бұл жоба жүзеге асқан соң, тек транзиттен бюджетке жыл сайын 500 млн доллар түседі. Сондықтан құрылыс жүріп жатқандықтан шетелдік жұмысшылар тартылады. Өкінішке қарай, біздегі мамандар әзірге өте биік нысандарды қысқа мерзімде сапалы тұрғызуға дайын емес. Мұндай объектілер бұрын болмаған», — деп түсіндірді Ташиев.
«Ой Ордо» эксперттік бастамалар орталығының директоры Игорь Шестаковтың айтуынша, соңғы аптада қырғыз әлеуметтік желілерінде антиқытайлық көңіл күй күрт күшейген. Бұған Чүй облысындағы қытай және жергілікті жұмысшылар арасындағы тұрмыстық жанжал себеп болған. Сарапшы мұндай қақтығыстар бұрын да болғанын, бірақ бұл жолы жағдайдың медиа тұрғысынан кәсіби түрде «өршітілгенін» атап өтті.
Оның пікірінше, әлеуметтік желілердегі ксенофобиялық толқынды бәсеңдететін тиімді қадам — Қытай тарапынан Қырғызстан азаматтарына визалық режимді жеңілдету болуы мүмкін.
Ал Ташиев әлеуметтік желілерде туған айғай-шуды «сайлау алдындағы арандату» деп атады. Қырғыз Республикасында парламенттің кезектен тыс сайлауы 30 қарашаға белгіленген.