Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салуға қатысты Қытай мен Ресей арасында қызу бәсеке жүріп жатыр, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Қытайлық басылымдардың жазуынша, Қытайдың Ұлттық ядролық энергетика корпорациясы (CNNC) Қазақстанға жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын екі HPR-1000 реакторын небәрі 5,5 миллиард АҚШ долларына салып беруге дайын екенін мәлімдеген.
Ал ресейлік «Росатом» дәл осындай жобаны 12–15 миллиард доллар аралығында бағалап отыр. Яғни, Қытай ұсынысы Ресеймен салыстырғанда екі есеге жуық арзан.
HPR-1000 (немесе Hualong One) – Қытайдың үшінші буынды, өз бетінше әзірлеген ядролық энергетикалық технологиясы. Бұл реакторларды қазіргі таңда Пәкістан мен Аргентина да орнатуға қызығушылық танытуда. Құрылғы жоғары қауіпсіздік көрсеткіштерімен ерекшеленіп, жер сілкінісі мен цунамиді де еңсере алады. Қытайлық БАҚ оны «атом энергетикасының танкісі» деп атаған.
Ең бастысы – CNNC Қазақстанға АЭС-тен бөлек, ядролық отын циклі мен ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуда да көмектесуге уәде беріп отыр. Бұл – кешенді әрі ұзақмерзімді әріптестік ұсыну деген сөз. Қытайлық сарапшылардың пайымдауынша, дәл осы артықшылықтар Ресеймен салыстырғанда Қытайды басым етеді.
Қай тараптың жеңіске жететіні әзірге белгісіз. Алайда Қытай ядролық энергетикасының жаһандық кеңею қарқыны тоқтамайтыны анық.
Фото: ашық дереккөздерден