Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкекте өткен III халық құрылтайында мәлімдеді.
«Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан теміржол құрылысы жобасы ондаған жылдар бойы қағаз жүзінде ғана қалып келді. Ақырында бұл жоба жүзеге асырылады. Біз бұл жобаны бастаған кезде, көпшілігі сенбеді, тіпті оны ертегі деп күлгендер де болды. Енді бәрі көріп отыр: бұл ертегі емес, нақты жоба. 27 желтоқсан күні ресми құрылыс жұмыстары басталады», — деді президент.
Жүк тасымалы Қытайдан Өзбекстанға Қазақстанды айналып өтіп, Қырғызстан арқылы жүзеге асырылады. Садыр Жапаровтың пікірінше, бұл жоба шығыс пен батысты байланыстыратын стратегиялық көпірге айналып, сауда, туризм және өнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Теміржол ұзындығы — 454 шақырым. Оның 268 шақырымы Қырғызстан арқылы өтеді: Қытайдың Торугарт асуынан кіріп, Өзбекстанның Жалал-Абад қаласына шығады. Алайда Қырғызстан таулы ел болғандықтан, құрылыс айтарлықтай қиындық тудырады. 81 көпір мен 41 туннель салу қажет.
Қазіргі таңда Қытайдан Өзбекстанға теміржол негізінен Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Өткен жылы құрылыс жұмыстары басталады деген ақпарат шыққанымен, 2023 жылдың қазан айында жобаның тоқтатылғаны белгілі болды. Жалпы, бұл жаңа теміржол дәлізін салу идеясы 1997 жылдан бері талқыланып келеді.