Munarmedia.kz 03.10.2025 /Астана/ Ақмола облысы Зеренді ауданының мәдениет үйін басқарып келген Азамат Темірғалиев қызметтік жанжалға ілігіп, тексеруге алынғаны белгілі болды. Қызметкерлердің айтуынша, ол оларды мәжбүрлеп құмар ойындарға тартқан, дөрекілік көрсеткен және жұмыстан шығарамын деп қоқан-лоққы жасаған.
Темірғалиев бұл лауазымға қаңтар айында тағайындалған. Сол сәттен бастап мемлекеттік мекемеде бейәдеп әрекеттер жиілей түскен. Қызметкерлердің айтуынша, басшы оларды ақшаға карта ойнауға мәжбүрлеген, бұйрыққа көнбегендерді жұмыстан қуумен қорқытқан. Сонымен қатар, ол өз өткенін мақтанышпен айтып, кезінде рэкетпен айналысқанын және «жоғарыда қолдауы» барын ашық мәлімдеген.
Мұндай әрекеттерден мезі болған ұжым Ақмола облысы Зеренді аудандық мәдениет басқармасына шағым түсірген. Нәтижесінде, шенеуніктер әрекетке көшіп, Темірғалиевті қызметінен шеттетті.
– Қазіргі таңда қызметтік тексеру басталды. Мекеменің барлық қызметкерлерінен түсініктеме алынады, – деп хабарлады аудандық мәдениет басқармасы ресми мәлімдемесінде.
Айта кетейік, бұл — басшылар тарапынан бейәдеп сөз айту дерегі бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бас директордың орынбасары Ассан Үмбетовтің қызметкерлерге айқайлап, боқтаған бейнежазбасы тарап кеткен. Ол оқиға да қоғамда қызу талқыға түскен еді.