Munarmedia.kz. 15.10.2026. ASTANA-Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы «Жетікөл» суару каналы 26 жылдан кейін алғаш рет механикалық әдіспен тазартылды. Жұмыстарды «Қазсушар» кәсіпорнының Қызылорда филиалы жүргізген.
Kazinform агенттігінің Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, каналдың 16,5 шақырымдық бөлігінде тазарту жұмыстары атқарылған. Соның нәтижесінде 10 көл жүйесін, сондай-ақ канал бойындағы жайылымдар мен шабындықтарды сумен қамтамасыз ету жақсарған.
Каналдың тазартылуы Жетікөл, Амангелді және Айдарлы ауылдық округтеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын суару суымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің мәліметінше, қазір бекітілген кестеге сәйкес облыстағы 181 көл жүйесіне, шабындықтар мен жайылымдарға су жіберіліп жатыр.
Жыл басынан бері өңірдегі көлдер мен табиғи аумақтарды сумен қамтамасыз ету үшін 942 млн текше метр су жіберілген. Жыл соңына дейін тағы шамамен 258 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
Дереккөз: Kazinform
#ҚызылордаОблысы #СуРесурстары #АуылШаруашылығы #Экология #Munarmedia